Қызылордада мүмкіндігі шектеулі жандар марапатталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Армансыз күнім болмайды» атты мерекелік шара өтті. Іс-шарада мүмкіндігі шектеулі белсенді азаматтар - спортшылар, әншілер мен бишілер, еріктілер мен кәсіпкерлер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық мүгедектер күніне арналған салтанатты шарада Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетті. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жабдықталған «Инватакси» автокөлігі табыс етілді,

«Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық - ең маңызды ұлттық мәселелердің бірі. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен қабылданған мүгедектердің құқықтарын қорғау Конвенциясына қол қойды. Олардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2013 жылы арнайы Жол картасы бекітілді. Жол картасын жүзеге асыруға бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. «Жол картасына» сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бастысы, Сіздердің өмір сүруге деген құштарлықтарыңыз, жұмыс жасауға деген ынталарыңыз, жетістікке жетем деген жігерлеріңіз болса, алынбайтын қамал жоқ!»-деді аймақ басшысы.

Іс-шарада мүмкіндігі шектеулі белсенді азаматтар - спортшылар, әншілер мен бишілер, еріктілер мен кәсіпкерлер марапатталды. Мәселен, Сағатбек Сүйеуовтың жетекшілігімен «Жылы жүрек» еріктілер тобы кішкентай қызылордалық қыздың отасына ақша жинауға көмектесті. Қалалық қарттар үйіне жаңа жылдық кеш және мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Сондай-ақ, ол «Ерекше билер» жобасы аясында хореографиялық топ құрған. Ал Күлпаш Күншығарова - әнші, бірнеше қалалық және облыстық байқаулардың жүлдегері, биылғы жылы өзінің шығармашылық кешін өткізді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Сыр өңірінде 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Олармен 10 ұйым жұмыс істейді. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 173 жобаны іске асыруға 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ, өңірде «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Оның ішінде 14 автомобиль және арбаға арналған арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған 112 жолаушы автобусы бар.

Сыр өңірінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың толыққанды өмір сүруі мен бос уақытын тиімді пайдалану үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда.

Соңғы жаңалықтар