Қызылордада мектеп асханаларындағы мәзір талапқа сай емес

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда мектептеріндегі асханада жоспарлы мәзір талапқа сай емес. Оған қоса асханадағы ыдыс-аяқ тазалығы да көңіл көншітпейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл деректер «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының арнайы мониторингі барысында белгілі болды. Естеріңізге сала кетелік, аталмыш партия республика бойынша «Мектеп асханалары» жобасын қолға алған еді.

Комиссия мүшелері шара барысында облыс орталығындағы №9, 12, 136, 211 мектептерде болды. Онда тамақ мәзірінің талапқа сай бекітілмегені анықталды. Тамақтың құнарсыздығы мен тамақ сақтау тәртібі сақтала бермейтіні көзге түсті. Тіпті ыдыс-аяқтың тазалығы да сын көтермейді.

Комиссия құрамында денсаулық сақтау, үкіметтік емес ұйымдар және ата-аналар комитетінің өкілдері бар. Олар жоба аясында бірнеше мәрте рейд жүргізді.

Мониторинг тобының жетекшісі Жандос Тұсмағанбетовтің айтуынша, тамақ мәзірінің құнарсыздығы байқалған. Ол оқушыларға небәрі 220 теңгелік тамақтың берілуі ақылға қонымсыз екенін айтады. Стандарт бойынша балалардың жасына қарай оның мөлшері тәулігіне 550-700 теңгеден төмен болмауы тиіс. Дегенмен ол талап сақтала бермейді. Жеміс-жидек қарастырылмаған. Алма аптаның тек сәрсенбі күні беріледі. Кей білім ошақтарында күнделікті ас мәзірінің кестесі жасалмаған. Ас сақтау қоймасының жағдайы да алаңдатады.

«Партиялық жоба аясында болашақ ұрпақтың саулығын нығайту көзделіп отыр. Барлық мектепке Қазақ тағамтану академиясының ұсынысына сәйкес жаңа ас мәзірі жолданды. Ол санитарлық қадағалау орындарымен келісілген. Бұл іс партия бастамасымен қолға алынған еді. Сол бағытта нақты шаралар ұйымдастыру жұмысына назар аударамыз», - деді партиялық бақылау комиссиясының жетекшісі Аида Әбибуллаева.

Соңғы жаңалықтар