Қызылордада меценаттар туған жерді түлетуге 13,2 млрд теңге бөлді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында туған жерді түлетуге атсалысып жүрген кәсіпкерлер мен белгілі азаматтар қатары қалың. Осындай игі шаралардың нәтижесінде көптеген әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып отыр. Оған туған жерді түлетуге меценаттар 13,2 млрд. теңге қаржы жұмсады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент - Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында соңғы екі жылдан астам уақыттан бері көптеген жұмыстар атқарылды. Игілікті істі жүзеге асыру арқылы туған жерді көркейту мен дамыту бағытында көптеген жұмыстар жүзеге асты. Оған кәсіпкерлер, демеуші азаматтар және жастар тартылды. Нәтижесінде Сыр өңірінде бұл бағытта 157-ден астам іс-шара болып өтті. Оның ішінде 58-і қайырымдылық бағытында жалғасты.

Кәсіпкерлер, демеуші азаматтар және меценаттар мәдениет, білім ұйымдарының ғимараттарын қайта жаңғыртуға белсене қатысты. Балаларға ойын алаңдары салынды. Аллеялар мен скверлер бой көтерді. Оған 13,2 млрд теңге көлемінде қаржы тартылған.

«Атап айтқанда, Қызылорда қаласындағы №140 мектепте спорт алаңы салынды. Ал «Мерей» шағын ауданында жеке кәсіпкерлер балалардың ойын алаңдарын ел игілігіне берді. Сырдария аудандық емханасының жылу және кәріз жүйелері де кәсіпкерлер есебінен жаңаланды. Аталмыш ауданның «Шаған» ауылында «Шаған Жер» ЖШС тарихи музей салып берсе, А.Тоқмағанбетов ауылында көпір көпшіліктің көзайымына айналды. Жалағаш ауданы Таң ауылында орталық алаң қайта жасанды. Ал Шиелі ауданы Тартоғай ауылында медициналық бекет ел игілігіне берілсе, аталмыш ауданның Жуантөбе және Бестам ауылдарында кәсіпкерлер демеушілігімен спорттық-сауықтыру кешендері іске қосылды», - деді Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова.
null

Мұндай игілікті шаралар Шиелі ауданында жоғары деңгейде жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, жергілікті кәсіпкер Ерболат Машрапин Алғабас ауылында құны 100 млн теңге тұратын спорт кешенін салып берді. Бестам ауылдық округінде де жергілікті кәсіпкер спорт кешені бой көтерді. Оны «Қозыбаев» шаруа қожалығының төрағасы Баймұханбет Қозыбаев өз қаржысына салды. Бұл мақсатта кәсіпкер 66 млн теңге шамасында қаржы жұмсаған. Аудандағы «Төңкеріс-К» ЖШС директоры Бауыржан Көпеевтің жеке қаражатына елді мекенде спорт кешенін ашты. Аталмыш кешеннің жобалық құны - 97 млн 300 мың теңге. Сондай-ақ, меценаттардың көмегімен аудан орталығында 30 млн теңгеге аллея салынды.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданы «Құрманбай ата» шаруа қожалығының иесі Еркін Бекжанов алма бағын өсіруді қолға алды. Ол 5 гектар жерге 13 мың түп алма ағашын екті. Меценат өз қалтасынан 20 миллион теңгеге ауылының іргесінен жер алып, 13 түп мың алма ағашын егуге кірісті.

«Қазір мұнда жұмыс қызып жатыр. Жеті мыңдай көшет отырғыздық. Туған жеріміздің жасыл-желекке әрі жемісі мол өлкеге айналғанын қалаймын. Жұмысқа өз ауылымның тұрғындарын алдым. Енді ағаштарды күтіп-баптасақ, кейін жемісін берсе, игілігін де осы ел көретін болады», - дейді Е.Бекжанов.

Осылайша қызылордалық кәсіпкерлер, демеуші азаматтар және меценаттар туған жерді түлетуге белсене атсалысып келеді. Бұл жас ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі іске айналды.

Соңғы жаңалықтар