Қызылордада мәдени және тарихи ескерткіштерге QR-код орнатылды

None
None
 ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңіріндегі мәдени және тарихи ескерткіштерге QR-код орнатылды. Енді аймаққа келген мейман ғаламтор арқылы әрбір ескерткіш жайында жан-жақты мағлұмат алуына болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш игілікті іс «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы негізінде қолға алынып отыр. Қазіргі таңда өңірде осындай тақтайшалар  саны 150-ге жетті. Ал Қызылордада 40-қа жуық.

Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі  Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш белгінің басында журналистерге аталмыш жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Онда орнатылған жаңа ақпараттық-технологиялық бағдарламаның пайдалану ережесі назарға ұсынылды.

«QR-код, яғни, «Quick Response» қазақ тілінде шұғыл жауап деген мағынаны береді. Бұл - мобильді телефонның камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін екі өлшемді штрих-код. Оның көмегімен интернет желісін қолдану мүмкіндігі бар жерлерде ескерткіш туралы кез келген мәліметті алуға болады. Аталмыш бағдарлама бойынша туристер тек қажетті мағұлматтарды алумен ғана шектелмейді, сондай-ақ сол орында еркін бағдарлап жүре алады», - дейді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ басшысы Сапар Көзейбаев.

Тарихи және мәдени ескерткіштер жөніндегі ақпараттар әзірге қазақ және орыс тілдерінде. Келешекте ол ағылшын тілінде де жасалатын болады. Сондай-ақ, қала көшелеріндегі аялдамаларда да сондай ақпараттар беріледі. Ол халықтың ескерткіштерге деген қызығушылығын арттырып, қолжетімділікті көбейте түседі. 

Еске сала кетсек, мұның алдында Сығанақ қалашығы туристік нысан ретінде ашылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар