Қызылордада ломбард қызметкері жұмыс орнынан алтын ұрлап, полиция шақыртты

None
None
  ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында ломбардта істейтін азаматша ұрлаған алтын бұйымдарын жасыру үшін өзінің жұмыс орнына қарақшылық шабуыл жасағанын хабарлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш ломбард Қызылорда қаласындағы сауда орталығының бірінде орналасқан. Сағат күндізгі 10-00-дер шамасында жергілікті полицияға аталмыш орынға қарақшылық шабуыл жасалғандығы жөнінде хабар түскен. Онда белгісіз біреу ломбард ғимаратына баса-көктеп кіріп, ондағы бағалы заттарды ұрлап кеткені айтылған.

«Тергеп-тексеру барысында ешқандай қарақшылық шабуыл жасалмағаны анықталды. Кассадағы ақшаны жәбірленушінің өзі ұрлағандығы белгілі болды. Тексеріс болатындығын білген ол алтын бұйымдарды алдын-ала ұрлаған. Сосын тәртіп сақшыларына қарақшылық қылмысы жайлы хабар берген. Өз-өзіне пышақ жарақатын салған. Тексеру барысында жәбірленуші өз кінәсін толық мойындады. Оның тұрғылықты жері бойынша көміп тастаған алтын бұйымдар заттай дәлел ретінде алынды», деп жазылған облыстық ішкі істер департаменті таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда оған қатысты көрінеу жалған айғақтар көрсету дерегі бойынша, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 420-бабының, 2-бөлігімен тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті азаматшаның кінәсі дәлелденген жағдайда оған сот шешімімен бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар