Қызылордада лагерь балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастырмаған

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада балалардың жазғы тынығуын дұрыс қамтамасыз етпеген лагерьмен келісімшарт бұзылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласы А. Тайманов №15 үй мекенжайында орналасқан «Сыр төресі» жеке лагеріне қатысты мәселе көтерілген еді.

Онда балалардың жазғы тынығуы дұрыс ұйымдастырылмағаны айтылған. Лагерьде оқушылардың демалысына ешқандай жағдай жасалмаған.

Бұл жөнінде облыстық білім басқармасы ресми түсініктеме берді.

«Қазіргі таңда аймағымызда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сәйкестік жөніндегі қорытындысы бар 7 мемлекеттік және бір жеке тынығу лагері («Зерентай» жеке лагері) жұмыс істеп тұр. Балалардың жазғы тынығуын ұйымдастыру мақсатында ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы заңына сәйкес қалалық және аудандық білім бөлімдері конкурс жариялаған болатын», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық білім басқармасынан.

Ведомство мәліметінше, конкурс нәтижесімен жоғарыда аталған лагерьлермен қоса, «Сыр төресі» жеке лагері де жеңімпаз атанып, келісімшарт жасалған.

«Тапсырыс беруші тарапынан «Сыр төресі» жеке лагеріне қаржы аударылмаған. Бүгінгі күні «Сыр төресі» жеке лагерінің талаптарды орындамауына байланысты екіжақты келісімшартты бұзу жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткіземіз. Аталмыш лагерьден барлық балалар қайтарылып, олар тиісінше жазғы тынығумен қамтамасыз етіледі», - деді басқарма.


Соңғы жаңалықтар