Қызылордада Қызыл кітапқа енген қарақұйрықты аулаған браконьерлер ұсталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада табиғат қорғау инспекторлары тексерген көліктен Қызыл кітапқа енген қарақұйрықтың ұшасы табылған. Алайда тағы екі адам келіп инспекторларға мылтықтан оқ атып, қарақұйрық ұшасын тартып алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.

Браконьерліктің жолын кесу бойынша рейд барысында «Охотзоопром» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының инспекторлары Жалағаш ауданының Төгіскен жерінде Шардара ауданының Шәкілі ауылының тұрғынын ұстаған.

«Тексеру кезінде ұсталған адамның көлігінен Қызыл кітапқа енгізілген қарақұйрықтың ұшасы табылды. Күдікті ұсталған жерге жедел-тергеу тобы шақырылды. Инспекторлар полиция қызметкерлерін күтіп тұрғанда Қызылорда қаласының екі тұрғыны оқиға орнына келіп, инспекторлардың қызметтік көліктерінің бірінің дөңгелегіне мылтықтан оқ атқан. Содан кейін инспекторларға қауіп төндіріп, қарақұйрық ұшасын алып кеткен», делінген хабарламада.

Ұзамай инспекторлар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқ атқан браконьерлерді де ұстады. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 4-тармағы («Заңсыз аң аулау») және 380-бабының 2-тармағы («Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану») бойынша Жалағаш аудандық полиция бөлімшесінде қамауға алынды.

Еске сала кетсек, өткен аптада Қызылордада табиғат қорғау инспекторларына оқ атқан екі адам ұсталғаны хабарланды.



Соңғы жаңалықтар