Қызылордада қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған шенеуніктер назарға ілікті

None
None
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 15 қызметтік автокөліктің жұмыстан тыс уақытта пайдаланылғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Бағдат Әбдіқадыровтың хабарлауынша, азаматтық қоғам өкілдері мен белсенді блогерлер қызметтік автокөліктерді пайдалануды бақылауға алып, рейд жүргізген. Нәтижесінде 15 қызметтік автокөліктің қызметтен тыс мақсатта пайдаланылғаны анықталып отыр.

«Нақтырақ айтқанда, қызметтік мақсатта пайдаланылуы тиіс мемлекеттік мекемелердің автокөліктері мемқызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін сауда үйлеріне, балабақшаларға, мектептерге тасыған. Осы жайттар рейдтік топтың назарына ілініп, тиісті шаралар қолданылу үшін ұсынымдар берілді», - дейді Бағдат Әбдіқадыров.

Айта кетейік, рейдтік топтағы азаматтық қоғам өкілдері бұл жұмыстардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетінін мәлімдеп отыр.

Соңғы жаңалықтар