Қызылордада қылмыс жасағандар мектеп директорлығына тағайындалған

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірі білім беру саласында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларды мемлекеттік мекеме басшысына тағайындау деректері орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай жағдайлар Қызылорда облысының Арал және Жалағаш ауданы білім бөлімдері тарапынан орын алған. Бұл деректер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткізілген конференция барысында белгілі болды. Оған Қызылорда қалалық, аудандық білім бөлімдері, облыстағы жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, мектеп, балабақша басшылары мен қызметкерлері қатысты.  

Конференция барысында департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Бағдат Ізкенов өз сөзінде хабарламасында бірқатар кемшіліктерге назар аударды.

 «Қалалық және аудандық білім бөлімдері мектеп басшыларын тағайындау барысында олардың соттылығын тексерумен ғана шектеледі. Облыста білім беру саласында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларды мемлекеттік мекеме басшысына тағайындау деректері орын алған. Жыл басынан осындай екі дерек анықталып отыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 681-бабымен, яғни, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін Арал және Жалағаш аудандық білім бөлімдерінің лауазымды тұлғаларына әкімшілік істер қозғалып, айыппұлдар салынды» - деді Б.Ізкенов.

Атап айтқанда, Аралда бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған азамат кешкі мектеп директорлығына тағайындалған. Ал Жалағашта дәл осындай жағдайдағы азамат №202 мектептің директорлығы қызметіне кіріскен. Аудандық білім бөлімдерінің жауапты тұлғаларына айыппұл салынды. Мектеп директорлары қызметтерінен кетті.

Конференция барысында департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев білім саласында заңсыз ақша жинау деректерін жоюды қатаң ескертті. Сондай-ақ, білім бөлімдерінің басшылары оқушылар арасында мәжбүрлі түрде ақылы тестілеу өткізуді болдырмауды және мектеп директорлығына тағайындау кезінде барлық талаптар сақталуы қажеттігін атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар