Қызылордада күріш өсірудің проблемалары мен перспективасы таразыланды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Қызылорда облысы бойынша филиалы елімізде күріш өсірудің проблемасы мен перспективасы туралы семинар-кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семинарға Ы. Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары және партия белсенділері қатысты. Шара барысында күріш шаруашылығын дамыту мәселесі кеңінен талқыланды.

Партияның облыстық филиалының төрағасы Серікбай Өмірзақов аталған саланың аймақ өмірінде алатын орны ерекше екенін атап өтті. Сыр өңірінде егілетін егістің тең жарымына жуық бөлігін күріш егісі құрайды. Сондықтан бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуі тиіс.

«Күріш шаруашылығы саласында жасалатын жұмыстар аз емес. Ұзақ жылдар бойы күріш сорты жаңартылмай келді. Бұл өнімділікке тікелей әсер етті. Соңғы жылдарда облыста аталмыш бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылды. Жергілікті сорттар өндіріске енгізілуде. Ендігі кезекте ол егіс алқабына елеулі мөлшерде егіледі деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, бүгінде облыста әртараптандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Жылма-жыл су тапшылығы мәселесі алдымызды көлденеңдеп келеді. Осыған байланысты облыста қандай дақылдар егуіміз тиіс? Осындай мәселелерді нақтылап алғанымыз артық емес», - деді Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Бақытжан Дүйсембеков.

Семинар барысында күріштің атақты «Ақ маржан» сортының авторы, ғалым Құрманбек Бәкіров те ой-пікірін білдірді. Ауыл шаруашылығын дамыту бағытында оған қатысты ғылым саласын дамыту да өзекті екеніне тоқталды.

Семинарды филиал төрағасы Серікбай Өмірзақов қорытындылап, айтылған ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта тиісті орындар назарына ұсынылатынын айтып өтті.


Соңғы жаңалықтар