Қызылордада күннің суығында балаларын велосипедпен тасыған азаматқа көлік мінгізді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада әлеуметтік желіде жол бойында күннің суығына қарамастан балаларын велосипедпен тасыған азаматқа жаңа көліктің кілті табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл игілікті істі жергілікті блогер және жайдарманшы Асылхан Дүкенбаев жүзеге асырды.

Ол ел тұрғындарынан жиналған ақшаға алынған жаңа көліктің кілтін Қанат Отаровқа табыс етті.

Марапаттау рәсімі 11 ақпан күні қалалық орталық мешіттің алдында өтті.

«Қанат ағамыз алғашқыда мұндай сыйлықтан бас тартты. Соған қарамастан біз оған жаңа көлік кілтін беруді ұйғардық. Барша жанашыр жандарға алғыс айтамын. Негізі 3 күнде 8 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды», - деді Асылхан Дүкенбаев көпшілік алдында.

Қанат Отаровтың анасы барлық қол ұшын беріп, көмектескендерге алғыс айтты.

«Біздің отбасымызға деген ыстық ықыластарыңызға, көңілдеріңізге рахмет. Қуаныштан көз жасымды тыя алмадым. Баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Алты ай бұрын күйеуім көз жұмды. Алланың құдіреті күшті, бәрі құдайдың қолында деп айтатын. Бұл да Алланың берген сыйы шығар» ,-деді ол кісі.

Қанат Отаров өзіне көлік сыйлауға ниет білдірген шымкенттік тұрғынға ризашылығын білдірді.

Оған қоса Асылхан Дүкенбаевтың жанашырлығымен жиналған қаржыға пәтер алудан бас тартты.

«Шымкент қаласының тұрғыны маған көлік сыйлағысы келетінін естідім. Ниетіне ризамын. Көп рахмет, бірақ, көлік өзінде қалсын. Мен алдым деп есептеймін», - деді Қ.Отаров.


Соңғы жаңалықтар