Қызылордада коронавирусқа шалдыққанын дәрігерлерден жасырғандар бар

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада тұрғындар арасында коронавирус инфекциясы белгілі болып, ол жайында дәрігерлерге хабарламаған азаматтар кездеседі. Бұл қатерлі індетке шалдыққан азаматтар санының артуына себеп болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған мәселені атап өтті.

«Соңғы күндері өңірімізде санитарлық эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Дегенмен бұл сақтық шараларына салғырт қарауға себеп емес. Тіркелім көбейген тұста инфекциялық төсек орындар санын көбейтіп, дер кезінде науқастарға тиісті ем жүргізіп келеміз. Осы ретте өзінің коронавирус инфекциясына шалдығуы жөнінде емханасына немесе дәрігерге хабарламай, үйден өздігінен ем қабылдап жатқандар бар. Олардың қатарынан коронавирус жағдайы көп анықталып жатқанын айтқым келеді. Сол себепті барша тұрғындардан ауру белгісі байқалған сәттен дәрігерге қаралуын сұраймыз», - деді басқарма басшысы.

Еске салсақ, 2020 жылдан бастап өңірде коронавируске шалдыққан 6 401 адам тіркелген. Ал биыл жыл басынан бері 3009 адам қатерлі індетті жұқтырды.

Еске салсақ, Қызылордада жылжымалы бригадалар ауылдарда КВИ-ге қарсы вакцина салып жатыр.


Соңғы жаңалықтар