Қызылордада коронавирус инфекциясымен байланысты жағдай күрделеніп барады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада коронавирус инфекциясына байланысты жағдай күрделеніп барады. Тұрғындардың жаппай жұқтыру қаупі өте жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейінгі күндерде өңірде індеттің өрши түсуі байқалып отыр. Соның салдарынан облыс «қызыл» аймақа енді. Бұл сақтық шараларын күшейтудің амалдарын қайта қарауды талап етеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың айтуынша, облыста вирус жұқтырған 4890 адамның 86 пайызы жазылған. Ал, пневмониямен ауырған 548 науқастың 447-і сауығып шықты. Қазіргі таңда стационарларда 715 орын ұйымдастырылған. Егер індет күшейген жағдайда инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Оның 518 орны орталықтандырылған оттегімен жабдықталған.

«Өңірде тұрғындарға вакцина егу өз деңгейінде жүргізілуде. Бүгінгі күні вакцинаның бірінші компонентінің 21 100 дозасы 20 945 адамға егілсе, екінші компоненттегі 16 100 доза 5108 адамға егілді. Қалған 10 992 доза кестеге сәйкес салынады», - деді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда індет көрсеткішінің көбеюіне байланысты қоғамдық орындарда, халық көп шоғырланатын нысандарда рейд шаралары қатаң түрде күшейтіледі. Сондай-ақ, мониторингтік топ жұмысының белсенділігін арттыру басты назарда болады.

Алдағы уақытта өңірде барлық медициналық мекемелердегі төсек-орындарға ревизия жасап, тұрғындар арасында вакциналау жұмыстары күшейтіледі. Оған қоса қосымша егу пунктері ашылмақ.

«Аймағымызда эпидемиологиялық жағдай күрделенуде. Бүгіннен бастап облысымыз «қызыл аймаққа» кірді. Тәулігіне 50-ден астам жағдай тіркеліп, жаппай қайта жұқтыру қаупі өте жоғары. Бұл ретте резервтегі төсек-орындар, дәрі-дәрмектердің және қорғаныш құралдарының қоры, медициналық бұйымдардың қажеттілік саны дайын болу керек. Індетті жеңудің жолы - сақтық шараларын күшейтумен қатар жаппай вакцинациялау. Жерлестерімізді жауапкершілік пен тәртіптілігін арттыруға шақыруымыз қажет»,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Еске салсақ, бұған дейін Гүлшара Әбдіқалықова облыс тұрғындарына үндеу жасаған болатын.


Соңғы жаңалықтар