Қызылордада «Қорқыт-Қобыз» республикалық байқауы өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде «Қорқыт-Қобыз» атты қыл қобызшылар мен қобызбен жыр айтушылардың республикалық байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл мәдени шара Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тұңғыш рет өткізіліп отыр.  Сан ғасырлар өтсе де, сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамыз - дәстүрлі музыка жаңғырған байқауда 17 өнерпаз бақ сынады. Байқау барысында 17-55 жас аралығындағы республиканың Астана, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Орал, Шымкент және Қызылорда облыстарынан келген қыл қобызшылар өзара бақ сынады. Өнерпаздар Қорқыт күйлерін шертсе, қобызбен жыр айтушылар Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінен және Тоныкөк, Күлтегін, Оғызнама, ортағасырлық дәуірдегі көне жыр үлгілерінен үзінділер орындады.

Байқау барысында прима қобыз, фортепиано сүйемелдеуімен сазды күйлерді нақышына келтіре орындаған өнерпаздар арасынан астаналық Шолпан Шарапатова шашасына шаң жұқтырмай, бас жүлдеге ие болды. Ал бірінші орын алматылық Аятолла Тұрғанов пен қызылордалық Айнуза Бегімсаловаға бұйырды, оралдық Мөлдір Жалмұханбетова мен алматылық Әсел Қыдырмұрат екінші орын алды. Шымкенттік Анарбек Мырзабай мен қызылордалық Айдана Рүстембек үздік үштікті түйіндеді.

Қобызбен жыр айтушылар арасындағы сында қызылордалық Марат Сүгірбай, алматылық Қазбек Әдікей, қостанайлық Қыдырбек Қиысхан, қарағандылық Әлібек Бимендин жүлделі болды.
null 

«Сонау Қорқыт атаның қобыз үнінен бастау алған Қорқыт ата мұралары қобызшылар арқылы бүгінге жетті. Сан ғасырлар өтсе де, сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамыз - дәстүрлі музыканы келер ұрпаққа аманат ету - бүгінгі біздің басты міндетіміз», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Әлқуат Қазақбаев.

Сондай-ақ, жырау, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова рухани мәдениеттің Отаны - Сыр елінде дәстүрлі өнерге бағытталған халықаралық, республикалық шаралар жиі ұйымдастырылатынын атап өтті.

Біз бұдан бұрын Қызылордада алғаш рет «Қорқыт- Қобыз» атты қобызшылар мен қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылардың республикалық байқауы басталғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар