Қызылордада көрермен назарына «Абай» спектаклі ұсынылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық театрында Ерсайын Төлеубайдың «Абай» пьесасы бойынша қойылған спектаклі көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спектакль белгілі режиссер Хусейн Әмір-Темірдің сахналауымен көпшілікке жол тартты. Онда дала кемеңгерінің алпыс жасқа келген кезеңіндегі өмірі бейнеленеді. Халқының қамын ойлап, көңілін ауыр мұң басқан Абай бейнесін суреттеуде өнер ұжымы өрелі істер атқарғаны аңғарылады. Сол бір ауыр жылдарда кемеңгер тұлғаның бауыр еті - балалары бірінен кейін бірі көз жұмып, қаншама ауыр қайғыны арқалаған еді. Сыр көрермені спектакльден Абай бейнесіне көз сала отырып, данышпан ақынның өмір жолдарына осылайша үңілді.

Қойылым барысында Абай рөлін ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытбек Темірбеков жоғары деңгейде сомдай алды. Ал Ділдәні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зағипа Төлепова бейнелесе, Әйгерімді ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Айтжанова сомдады.

Ерсайын Төлеубайдың «Абай» пьесасы бойынша қойылған спектакль өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, тіліміз бен дінімізді берік ұстауға тәрбиелейді. Абай Құнанбаевтың өмірінен сыр шертетін трагедиялық спектакль көрерменнің зор қошеметіне ие болды.

Ерсайын Төлеубайдың «Абай» пьесасы Қызылорда театрында жеті жылға жуық уақыттан бері тұрақты қойылып келеді. Ал Қазақстан театрларында кемеңгер тұлғаның өмірі бейнеленген спектакльдер 1940 жылдардан бері көпшілік назарына ұсынылып жүр.


Соңғы жаңалықтар