Қызылордада қорада тұрған 5 бас мал мен мың бума шөп өртеніп кетті

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында мал қорадағы өрттен 5 бас мал мен мың бума шөп өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін, 12 қазанда сағат 4:30 шамасында Жалағаш ауданына қарасты М.Шәменов ауылында болды. Аумағы 625 шаршы метрді құрайтын мал қора толығымен өртенген.

«Өрт сөндіру бөлімі мен оқиға орнының ара қашықтығы 22 шақырымды құрайды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 4. 58-де жеткен. Мал қора ішінде 14 ешкі, 4 сиыр, 3 жылқы болған. Өрт салдарынан 3 жылқы 1 баспақ,1 ешкі өртеніп кетті. Сондай-ақ, 500 бума шөп пен 500 бума жоңышқа қызыл жалынға оранды. Өрт 6:02-де оқшауланып, 6:43-те толық сөндірілді», - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Ведомство мәліметінше, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында биыл 297 өрт оқиғасы тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар