Қызылордада көпқабатты тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып түсті

2018 жылғы 1 наурыз, 02:33
Қызылордада көпқабатты тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып түсті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында төтенше жағдай болды. Кешкі сағат 22:00-дер шамасында Титов қыстағындағы №16 тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі оқиға орнынан.

Оқиға орнында құтқарушылар мен тәртіп сақшылары жұмыс істеп жатыр. Баспана толықтай қоршауға алынды. Ұйқыларынан шошып оянған 50-ге жуық тұрғынды жергілікті билік өкілдері қауіпсіз аумаққа көшірді. Бұл үшін қоғамдық көліктер тартылып, үлкен сыйымдылықтағы автобустар тасымалмен айналысты. Куәгерлердің айтуынша, үйдің құлауынан зардап шеккендер жоқ. Алайда, бұл ақпарат нақты емес.



«Қазір құлаған үй орналасқан жерде төтенше жағдайлар саласының өкілдері жұмыс істеп жатыр. Қандай да бір ақпарат беруге әлі ерте. Таңертең баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, сонда жан-жақты мағлұмат беріледі», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде қабырғасы құлаған үйдің тұрғындары қаладағы №2 мектептің ғимаратына орналастырылуда.

Айта кетейік, бұл тұрғын үй апатты деп танылмаған. Құлаған бөлігінде адамдардың тұрмағаны белгілі болып отыр.

Басты фото: ТЖ комитеті

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar