Қызылордада коммуналдық кәсіпорындар жаңажылдық мереке күндері кезекшілік ұйымдастырады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысы әкімдігінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев энергетикалық және коммуналдық кәсіпорындардың басшылығымен жиын өткізіп, оларға жаңажылдық мереке күндері тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар жұмысына қатаң бақылау жасауды тапсырды.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық кәсіпорын басшысының міндетін атқарушы Ержан Әбдіхалықов есеп беріп, басқармаға қарасты кәсіпорындардың бәрінің штаттық режимде жұмыс жасайтынын, оларға керекті материалдар мен жабдықтардың бәрінің алып берілгенін, нысандарда тәуліктік кезекшілік кестесі жасалып қойылғанын мәлімдеді. Жылу, электр энергиясын, су мен газ беруде ешқандай проблема болмайды, деп сендірді ол.

Бұдан кейін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Болат Мұртазаев, «КЕГОК» АҚ Қызылорда филиалының жетекшісі Олег Пак, «КРЭК» АҚ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Тілеуберген Қаныбетов, «Қазмұнайгаз» БК» ЖШС бас директорының орынбасары Нұржан Әбдірахманов, «Интергаз Орталық Азия» Қызылорда филиалының басшысы Алпамыс Қисметов, «КТЭЦ» МКК директоры Асқар Бекпағанбетов және Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз алып, өз салалары бойынша атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өзінің орынбасары Нұржан Әлібаевқа мереке күндері ведомстволарға қарайтын мекемелерді аралап шығып, олардағы жұмыстардың қалыпты екеніне көз жеткізуді, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық кәсіпорындарындағы жұмыстар сыр берген жағдайда жауапкершіліктің аудандар әкімдерінен сұралатынын ескертуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар