Қызылордада киелі жерлердің 3D форматындағы картасы әзірленуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің 3D- картасы әзірленеді. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, өңіріміздің киелі ескерткіштері саналатын 6 нысанға - Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат қалашықтарына, Кердері кесенесіне және де қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сығанақ қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді», - деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні олардың 3D форматындағы картасы әзірленуде. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қызылорда облысынан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 12, өңірлік киелі нысандар тізіміне 35 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді.

«Тарихи жәдігерлерді  қайта қалпына келтіру мақсатында облыс орталығындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңғыртылып, экспозициясы заманауи үлгіде жаңартылды.  Елбасының тапсырмасына сәйкес,  Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата ескерткіш кешені толық реконструкциядан өткізілді. Бүгінгі күні ескерткіш  республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Жұмыстарды ғылыми негізде үйлестіру үшін сөзімде атап өткендей республиканың зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен облыс әкімдігінің жанында ғылыми-әдістемелік кеңес жемісті еңбек етуде», - деді Көшербаев.

Соңғы жаңалықтар