Қызылордада казино ашқан тұрғынның бас бостандығы 6 айға шектелді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда орталығында казино ашқан қала тұрғынының 6 ай мерзімге бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комитеттің Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері 2020 жылдың тамыз айында қаланың орталық көшесінің бірінде заңсыз ойын орнын анықтаған болатын.

«29 жастағы азамат көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатынан жалға алған орыннан интернет казино кеңсесін ашып, 13 компьютерді ғаламтор желісі арқылы бәс тігіп ойнайтын құмар ойындар бағдарламасына қосқан. Ойын залына күніне 5 000 теңге жалақымен кассирлер мен күзетші жалдаған. Заңсыз ойын орыны әшкереленіп, барлық айқақ ұсынылғандықтан ұйымдастырушы кінәсін толығымен мойындады», делінген хабарламада.

Қызылорда қалалық №2 соты заңсыз ойын орнын ұйымдастырушыны Қылмыстық кодекстің 307-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Осынша мерзімге пробациялық бақылау және 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тарту белгіленді.

2020 жылы Қызылордада аталмыш департамент заңсыз ойын бизнесіне қатысты 9 қылмыстық құқық бұзушылық дерегін тергеді. Нәтижесінде 8 ойын мекемесі жабылып, 116 монитор, 109 процессор, 43 телевизор, 8 касса аппараты, 31 терминал, 13 бейнежазғыш және 11,2 млн теңге тәркіленді.


Соңғы жаңалықтар