Қызылордада қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты басталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада жігіттер мен қыздар арасында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүбірлі додаға еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысынан 500-ге жуық балуан келді. Олар 16 салмақ дәрежесінде шеберлік байқасады.

Чемпионат Қазақстан ұлттық құрама сапына іріктеу мақсатында өткізіліп жатыр. Жеңімпаздар келер жылы өтетін Əлем жəне Азия чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болады.

Жарыстың салтанатты ашылуында облыс əкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов және Қазақстан Республикасы Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі, Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының президенті Дəурен Абаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сəттілік тіледі.

Жарыстың алғашқы күнінде балуандар 90, 100, 100 келіден жоғары салмақта сынға түсті. Нәтижесінде 90 келіде Алматы қаласынан келген Айбол Айтбектің жауырын жерге тигізген жамбылдық Айбол Айтбек жеңімпаз атанса, атыраулық Сұңғат Закаряев пен ақтөбелік Әділет Мысин үздік үштікті түйіндеді. Ал 100 келіде Мұхит Тұрсынов ақтық сында қызылордалық Нұрым Сәлімгереевтен айласын асырып, алтыннан алқа тақты. Үшінші орын атыраулық Арман Қалиев пен қарағандылық Ерқанат Молдағұловқа бұйырды. Ал 100 келіден жоғары салмақта жамбылдық Ғалымжан Қырықбайға тең келетін ешкім болған жоқ. Екінші орын Шығыс Қазақстанан келген Айбек Нұғымаровқа бұйырса, қызылордалық Мақсат Исағабылов пен маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов ие болды.

Қазақстан чемпионаты 14 қарашада мәресіне жетеді.

Соңғы жаңалықтар