Қызылордада қазақ қаламгерлерінің шығармалары жинақталған топтамалар шықты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қазақ қаламгерлерінің шығармалары жинақталған он томдық әңгімелер топтамасы жарыққа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш әңгімелер топтамасында Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжан, Сұлтанәлі Балғабаев сынды қаламгерлердің 10 шығармасы қамтылған. Ол «Қызықты әңгімелер жинағы» деп аталады.

Бұл топтаманы шығаруға облыстық тілдерді оқыту орталығы ұйытқы болды. Орталық атқарушы органдарда қызмет ететін азаматтарға қазақ тілі курстарын ұйымдастырады. Әңгімелер топтамасы тіл үйреніп жүрген азаматтарға көмекші құрал ретінде пайдаланылады.

«Қазір аталмыш топтаманың таралымын көбейтуге жұмыс жасау үстіндеміз. Әзірге бұл орталықтың өз идеясы негізінде жүзеге асып келеді. Ендігі кезекте тиісті мекемелерге ұсыныс беріп отырмыз. Әңгімелер топтамасының көркемдік деңгейін көтеруге, иллюстрация жағын жетілдіруге назар аудардық», - деді Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының бөлім басшысы Әсел Бақытова.

Алдағы уақытта әрбір шығармаға суреттер салынып, ол графика және живописьпен безендіріледі деген жоспар бар. Келешекте бұл бағытта кешенді шаралар жүзеге аспақшы.

Соңғы жаңалықтар