Қызылордада қазақ атауын қайтарған тарихи нысан көшірмесі пайдалануға берілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына орай қаланың жаңа аумағы саналатын сол жағалауда «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Бұл нысан 1925 жылы Қызылорда астана мәртебесін алған тұста ұлтқа қазақ атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және бірқатар қоғам қайраткерлерінің қатысты.

Гүлшара Әбдіхалықова қызылордалықтарды қала күні мерекесімен құттықтап, аймақтың әлеуметік-мәдени дамуындағы жетістіктерін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан бойынша ауқымды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асуда. Соның ішінде Қызылорда облысында ескерткіштер салынып, тарихи жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін біз тек архитектуралық ескерткіштің жай көшірмесі ғана емес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шаралар өткізілетін маңызды мәдени нысанның ашылуына қатысып отырмыз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жиналған көпшілікті Қызылорда қаласының мерейтойы және орталықтың ашылу салтанатымен құттықтады

«Биыл біз Астана мен Қызылорда қаласының мерейтойын атап өтудеміз. 20 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның елордасын Астана қаласына көшіру туралы стратегиялық шешім қабылдап, сол арқылы жасампаз мемлекетіміздің тұтастығын қамтамасыз етті. Қызылорда Жанкент, Шірік-Рабат, Сығанақ сынды ежелгі астаналардың және Ақ Орда мен Алтын Орда сияқты хан ордаларының аумағы, Кеңес одағы кезінде Қазақ Республикасының астанасы, сондай-ақ, ағарту, саяси және өнеркәсіптік даму орталығы болды. Ұлтымыздың ресми «Қазақ» аталуы туралы шешім де осы киелі мекенде қабылданды. Биыл елордамыз Астананың 20 жылдық және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойларын қатар атап өтудеміз. Бұл Қазақстанның алғашқы және қазіргі астаналары арасындағы ерекше рухани байланысты аңғартады деп ойлаймын. Біз ұлттық құндылықтарымызды сақтап әрі жаңғыртуымыз керек»,- деді аймақ басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Сырдарияның сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталды. Қазіргі таңда жеке инвестиция қаржысы есебінен көпқабатты 18 тұрғын үйдің, «Болашақ» университеті кампусының және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 320 орындық балабақшаның, мемлекет қаржысы есебінен Жастарға қызмет көрсету орталығы мен қажетті инфрақұрылымдардың құрылысы жүргізілуде. 2019-2020 жылдары сол жағалауда бірқатар көпқабатты үйлер, мектептер, облыстық көпсалалы аурухана, неке сарайы, балабақша, физика-математикалық мектеп жатақханасымен бірге, сауда-ойын сауық кешенін салу жоспарланып отыр.

Қызылорданың 200 жылдығына орай бүгін «Қауын-Қарбыз», «Қымыз-Шұбат» және «Бауырсақ» фестивальдері ұйымдастырылды. Сондай-ақ,  Н.Бекежанов атындағы драма театрындағы салтанатты шара өткізілді. Орталық алаңда отандық өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт болды. 

null 

Соңғы жаңалықтар