Қызылордада қайырымдылық телемарафоны өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында облыстық «Мейірімділік шапағаты» қайырымдылық телемарафоны өтті.

Сыр өңірінде мұндай қайырымдылық шаралары жыл бойына ұйымдастырылып келді. Желтоқсан айында атаулы мерекелерге орай әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қажетті көмек көрсетілді. Телемарафонға Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты. Шара барысында Алматы қаласында ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтард бір минуттық үнсіздікпен еске алынды. Келесі кезекте облыс әкімі қайырымдылық шарасына қатысқан көпшілік алдында жүрекжарды лебізін білдірді. «Мейірімділік шапағаты» атты қайырымдылық шарасының маңыздылығы жайында тоқталып өтті.

«Мейірімділік – ізгіліктің жолы. Риясыз жасалған жақсылық - биік адамгершіліктің белгісі. Бүгінгі шараға жомарт жүрек азаматтар қатысты. Нәтижесінде қала бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған, асыраушысынан айрылған, қарттар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы, мүгедек, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. Осы шара барысында облыстың мемлекеттік қызметкерлері мен жекелеген азаматтар өздерінің бір күндік жалақысын аударып, 4 млн теңгеден аса қаржылай көмек берді. 2013 жылдан бері көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талапты балаларды оқытуға облыс әкімінің арнайы грантын тағайындап келеміз. Бүгінгі күні мыңнан аса мектеп түлегі грант иегері атанды. Апатты жағдайдағы үйлер мен жатақханаларда тұрып келген отбасыларды жаңадан салған үйлерге қоныстандыру үрдісімізге айналды. Қызылорда облысы әлеуметтік салаға қаржы бөлуден аймақтар арасында көш бастап тұр»,- деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Сыр өңірінде мұқтаж адамдарға қолдау көрсету бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы бағытта жыл басында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау шараларын ұсыну үшін 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік әлеуметтік жол картасы қабылданған. Жол картасында табысты арттыру және халықтың аз қамтылған топтарын қолдау, табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту, сондай-ақ, өңірлерді кешенді дамыту бағытындағы ауқымды іс-шараларды жүзеге асыру шаралары көзделген.



Соңғы жаңалықтар