Қызылордада кәсіпкерлерді қолдау орталығы тиімділігін көрсетуде

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында кәсіпкерлерді қолдау орталығы кәсіпкерлік саласын дамытуда зор пайдасын тигізіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мәселесі басты назарға алынған. Бұл бағытта тиісті қолдау көрсетілетіні айтылған. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді», - деп атап көрсетті.

Сыр өңірінде кәсіпкерлік саласын өрістетуде өрелі істер баршылық. Қазіргі таңда облыста 42 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандары белсенді қызмет көрсетіп келеді. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 143,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер арқылы тұрақты бизнестің 141 жобасына 9,5 млрд теңге несие берілген. Олардың барлығына «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жылдық пайыз мөлшерлемесімен субсиядиялау бойынша қолдау көрсетілді.

Сондай-ақ, ішінара кепілдендіру бойынша жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 63 жоба кепілдендірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық. 2017 жылы кепілдік құны 650 млн теңгені құрайтын 64 жобаға қолдау көрсетілген.

«Аталмыш оң нәтиже бағдарлама тиімділігін көрсетеді», - дейді мамандар.

«Қазіргі таңда облыста кәсіпкерлерді қолдау орталығы халыққа қызмет көрсетіп келеді. Орталық кәсіпкерлерге түрлі мәселелер бойынша қолдау жасап отыр. Атап айтқанда, инженерлік желілерге қосылу бойынша орталық 1300-ден астам техникалық шарт ұсынды. Кәсіпкерлік саласын дамытуда жер телімін беру, инженерлік техникалық шарттарды алу, қаржылық тұрақтылықтың болуы маңызды мәселелер саналады. Осы орайда өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында 50 аукцион өткізілді. Нәтижесінде 593 орта және шағын бизнес нысандарына жер телімдері берілген», - деді Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов.

Қаржы тұрақтылық қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысында 224 кәсіпкерлік нысанына 200 млн теңгені шамалайтын қайтарымсыз грант ұсынылған. Ал қала мен ауылдық жерлерде тұратын 1298 кәсіпкерге 4,2 млрд теңге көлемінде шағын несие ұсынылған. Осындай қолдаудың нәтижесінде Сыр өңірінің кәсіпкерлік саласында 1600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

«Бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылған «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы өз тиімділігін көрсетті. Елбасы Жолдауында оны 2025 жылға дейін ұзарту және жыл сайын қосымша кемінде 30 млрд теңге қаржы бөлу мәселесі көтерілген. Осыған сәйкес 2019 жылы республикалық бюджеттен бағдарлама аясында субсидиялар мен кепілдіктер беру үшн 849,5 млн теңге қаржы қарастыруға өтінімдер берілген», - деді А.Досжанов.

Сондай-ақ, 2019 жылы бағдарлама аясында өңірдің кәсіпкерлік нысандарына қолдау көрсету үшін 1,6 млрд теңге қаржы бөлу көзделіп отыр. Оның жартысына жуығы облыстық, қалғаны республикалық бюджет есебінен қарастырылады.

Бұдан бұрын Қызылорда 2019 жылы 1400 бейнебақылау камерасы орнатылатынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Қызылордада IT-парк жастардың стартап-жобаларын әзірлейтінін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар