Қызылордада кәсіпкердің алған несиесіне салық төлемі есептелген

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жеке кәсіпкердің алған қаржылық несиесіне мемлекеттік кірістер органдары салық төлемін есептеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеке кәсіпкер аталған мәселені шешіп беру жөнінде бизнес нысандарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу фронт-офисіне шағымданды.

Фронт-офистегі кезекті жеке қабылдауға келген «Байымбетов» жеке кәсіпкерлігінің басшысының айтуынша, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан 16 бас жылқы сатып алу үшін қаржылық несие алған. Сол несиеге салық органдары тарапынан салықтық төлем есептелген.

«Жеке кәсіпкердің өтініші бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпкердің алған несиесіне салық төлемдерінің заңсыз және негізсіз есептелгені белгілі болды. Анықталған мән-жай бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне ұсыныс жолданып, кәсіпкерге қатысты есептелінген салық төлемдері жойылды. Жұмыс барысында өрескел кемшіліктерге жол бергені үшін салық органдарының қызметкері сөгіс түріндегі тәртіптік жауапқа тартылған», - деді Қызылорда облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бағдат Ізкенов.

2018 жылдың шілде айынан бастап фронт-офисте облыстық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, бизнес субъектілерінің өтініштері қаралуда. Өткен жылы фронт-офиске 26 кәсіпкердің өтініші келіп түсіп, олардың құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтірілген.

Соңғы жаңалықтар