Қызылордада қаңғыбастыққа салынған адамдарға көмек көрсетілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада полицейлер күннің суығында тұрғылықты мекені жоқ азаматтардың үсіп қалмауы үшін алдын алу жұмыстарын қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы күндерде облыста ауа райының күрт суытты. Осыған байланысты Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері тұрғылықты мекені жоқ адамдарды жылы жерлерге орналастыру бойынша шаралар қабылдауда. Бұл мақсатта учаскелік инспекторлар, криминалдық полиция және патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары қаңғыбас адамдарды анықтау мақсатында құрылысы аяқталмаған ғимараттарға, шатырлар мен жертөлелерге, кәріз құдықтарына тексеру жүргізуде.

«Тексеру барысында олардың тұрғылықты мекенжайы мен жақын туыстарының бар екендігі анықталады. Кейбір азаматтар өз еркімен отбасысын тастап, көшеде өмір сүруді әдетке айналдырған. Рейдтік шаралар барысында Қызылорда қаласында қаңғыбастыққа салынған, тұрақты мекенжайы жоқ 455 азамат анықталды. Бұл азаматтар Қызылорда қалалық полиция басқармасының қабылдау-тарату орнында есепке алынды. Ал Қызылорда қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығына 20 азамат жеткізілді. Онда орналастырылған азаматтар тегін тамақпен, қажетті медициналық дәрі-дәрмекпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, қызылордалық полицейлер жолда қалған қырғызстандық жүргізушілерге көмектесті.


Соңғы жаңалықтар