Қызылордада каналға көлікпен құлап кеткен адамның денесі 3,5 жылдан кейін табылды
2022 жылғы 23 мамыр 17:07

Қызылордада каналға көлікпен құлап кеткен адамның денесі 3,5 жылдан кейін табылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында көлікпен каналға құлап кеткен адамның мүрдесі үш жарым жылдан кейін табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 2018 жылдың 17 желтоқсанында Қызылорда қаласына қарасты Қараөзек каналы аумағында болды. Сол күні мал іздеуге шыққан екі азамат каналға абайсызда көлікпен құлап, екі адам көлікпен бірге суға кетті.

«Төтенше жағдайлар саласы мамандарының күшімен көлік сол күні табылды. Көлік жүргізген адамның денесі алты айдан кейін табылды. Ал 1973 жылы туған азаматтың денесі үш жарым жылдан астам уақыт бойы табылмай келді. Жақында оның туыстары денесін іздестіруге өтініш жасаған. Осыған байланысты мамандар 20 мамырдан бастап қайтадан іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Нәтижесінде ер адамның денесі табылды. Ол көлік құлаған жерден 50 шақырымдай қашықтықта жатыр. Екі метр тереңдіктен марқұмның дене бөліктері мен киімі табылды. Туыстары марқұмды таныды», - деді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Jańalyqtar

MURAǴAT