Қызылордада IT-парк жастардың стартап-жобаларын әзірлейді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттер жүзеге асырылып жатыр. Соның бір үлгісі  биыл ашылған өңірлік IT-парк жастардың стартап-жобаларын әзірлейтін орталығына айналып отыр. Оған қоса жастар сол жобаларды жүзеге асыру бағытында инвесторлар тарта алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы жылдары Сыр өңірінде жаңа заман талабына сай жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып келеді. IT-парк сондай игі істің бірі болып табылады. Облыста жаңа технологиялардың сырын түсіне білетін жастар қатары көбейіп келеді. Оларға қолдау көрсету бағытында IT-парк жұмысы қолға алынып отыр.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ресейдің Татарстан Республикасының астанасы - Қазан қаласындағы IT-парк қызметімен танысып қайтқан еді. Келесі кезекте мұндай жобаны Сыр өңірінде жүзеге асыру мүмкіндіктері зерттелді. Осының нәтижесінде аталмыш IT-парк жұмысы басталып кетті.

Облыс әкімі аппарат басшысының ақпараттық технологияларды дамыту жөніндегі орынбасары Индира Ақжігітованың айтуынша, аталмыш паркті құру талантты жастарды қолдауға бағытталған. Ол елімізді цифрландыру жөніндегі бағдарлама аясында жүзеге асырыла бастады.
null 

«IT-парк арқылы жастар инновациялық жобаларды жүзеге асыра алады. Оған қоса түрлі лабороториялық симулятор, 2D, 3D графикалық жобаларды әзірлеуге назар аударылады. Аталмыш жобаларды әзірлеу мен өндірістегі қолданысын тестілеуге, ақпараттық-бағдарламалық өнімдер жасап шығаруға, өндіріс және облыс дамуының салаларын автоматтандыруға және оларға қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасалады», - деді И.Ақжігітова.

ІТ-парк қызметінің мақсаты - талантты жастардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы стартап жобаларын қолдау мен дамыту, техникалық-лабораториялық шеберханаларда түрлі роботехникалық прототиптердің өндірістік жобаларын әзірлеу мен тестілеу, түрлі лабораториялық симулятор, контроллер мен видеопанельдерде 2D, 3D графикалық жобалардан VR/AR технологиялар бойынша бастамаларды әзірлеу мен өндірістегі қолданысын тестілеу. Сондай-ақ, бұл орын ІТ жобалардың дамуы мен технологиялық тиімділігін арттыру бойынша коворкинг орталығы қызметін іске қосу, түрлі бағдарламалық оқу курстарын ІТ академиялық оқу орталығының базасында іске қосу, ақпараттық-бағдарламалық өнімдер жасап шығаруға, өндіріс және облыс дамуының салаларын автоматтандыруға және оларға қызмет көрсетуге бағытталған.
null 

Өткен жылдың желтоқсан айында «HackDay» идеялар фестивалі болып өтті.   Оны  Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырды. Атап кетерлігі, ол - Сыр өңірінде жобалық басқару аясында өткізіліп жатқан алғашқы шара. Мұнда 24 сағат ішінде қатысушылар жаңа идеяларымен бөлісті. Басты мақсат - ең қызықты жобаны құру, жаңа тәжірибе мен басты жүлдені жеңу. Идеялар фестиваліне қатысу арқылы қуатты шығармашылық ортада топты жинау, сонымен қатар қызықты жобаларды ұсыну, оны жүзеге асыруға мән берілді. Оған 500-ге жуық жас азаматтар қатысты. Осының нәтижесінде ақпараттық технологиялар, кино және видео, контент және медиа секция бойынша өз біліктілігін арттыра білді.

Фестиваль барысында көптеген жобалар мамандардың көңіліне шықты. Мәселен, оған қатысқан жас өрен үйден газ иісі шықса, бірден ұялы телефонға хабарлама түсетін газ анализаторын ойлап тапты. Бұл қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тағы бір қатысушы мүкіндігі шектеулі жандарға таптырмас құрылғы болып табылатын смарт-палата жобасын ұсынды. Смартфонға қондырылған басқару жүйесі арқылы науқастың ауруын анықтауға болады. 
null 

Кейінгі кезеңде Сыр өңірінде жастарды жаңа технологияларға тарту бағытында нәтижелі істер атқарылып келеді. Облыс әкімінің білім беру гранты бойынша көптеген жастар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік туды. Білім грантының 70 пайызға жуығы IT мамандықтарына бөлініп отыр.
null 

Бүгінгі таңда өңірлік IT-парк жергілікті жастардың жаңашыл жобаларды жүзеге асыратын орталығына айналды. Ол алдағы уақытта көптеген тың идеялардың негізін қалайтын болады. 

Айта кетейік, Қызылорда облысында биыл цифрлық технология басқармасы құрылды. Сондай-ақ, Қызылордада цифрлық технология бағытындағы жобалар қатары көбейді.

Соңғы жаңалықтар