Қызылордада «IQ-ORDA» республикалық интеллектуалдық байқауы өтті

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылордада жаһандану заманында бәсекеге қабілетті, ұшқыр ойлы, зияткер ұрпақ тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған «IQ-ORDA» республикалық интеллектуалдық байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен интеллектуалдық сайысқа республикамыздың түкпір-түкпірінен 18-35 жас аралығындағы жастар қатысты.

«Өздеріңіз білесіздер, мемлекет жастардың білім-білігін көтеру, бағыт-бағдар беру мен жаңа бастамаларға қолдау білдіруді әркез назардан қалыс қалдырған емес. Үкіметке, жергілікті атқару органдарына ұдайы тиісті тапсырмалар беріліп, жастар саясатын жүргізуге тұрақты көңіл бөліп келеді. XXI ғасыр білімнің, интеллектуалды адам капиталының заманы. Жастарға қай заманда да көп үміт артылған, артыла да бермек. Еліміздің барлық интеллектуал, эрудит жастарына бүгінгі сайыста сәттілік тілеймін», - деді шараны ашып берген облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.

Сайыста Атырау, Ақтөбе, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Алматы мен Қызылорда қаласынан және өңірдің барлық аудандарынан келген үздік 20 команда өзара сынға түсті. Бес кезеңнен тұратын сайыста командалар қазақ және әлем әдебиеті, Тәуелсіз Қазақстан тарихы, логикалық, кино және музыка тақырыптары бойынша арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берді.

Сайыс қорытындысымен, жүлделі I орынды Қазалы ауданынан келген «Қазалы» командасы (500 000 тг), II орынды Жалағаш ауданының «J-Team» командасы (300 000 тг), III орынды Алматы қаласынан келген «Әл-Фараби» командаы (200 000 тг) иеленді. Арнайы номинациялар (50 000 тг) «Бейбарыс сұлтан ұрпақтары» (Атырау облысы), «Намысты елдің ұрпақтарымыз» (Ақтөбе облысы), «7SU TEAM» (Жетісу облысы), «Алаш Орда» (Шығыс Қазақстан облыстары) және Қармақшы ауданының «Qadam» командасы мен Қызылорда қаласының №235 мектеп құрамасы «Көмекбай жастары» командасына бұйырды.

Білімді, ізденімпаз, коммуникативті және тапқыр тұлғаларды даралайтын жоба ар аймақтың интеллектуал жастарын тоғыстырған бірегей жоба болды.


Соңғы жаңалықтар