Қызылордада индорхоккейден ел біріншілігінің жеңімпаздары анықталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында индорхоккейден жігіттер мен қыздар арасында ҚР чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы айналым ойындарына Алматы қаласы және Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл жəне Қызылорда облыстарының командалары қатысты. Жарыс нəтижесінде Қызылорданың «Қайсар» жігіттер жəне қыздар командалары жеңімпаз атанды. Қос команда индорхоккейден биыл бесінші мəрте жеңімпаз тұғырынан көтерілді.

Жігіттер арасында Бақытбек Сəрсенбайұлы (қақпашы), Ғалымжан Əлиев, Нұрхан Сансызбаев жəне Дəулетбек Əлиев жақсы ойын өрнегімен жанкүйер көзіне түсті. Ал қыздар арасында Алиса Чепкасова, Гузал Бахабаддин, Əйгерім Маханова жəне Гүлнара Иманғалиева өздерінің шеберлік деңгейі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Айта кетейік, 2020 жылдың ақпан айында индорхоккейден әлем чемпионаты өтеді. Соңғы айналым барысында дүбірлі додада ел құрамасы сапында бақ сынайтын ойыншылар құрамы жасақталды.

Қазақстан чемпионатында жігіттер арасында Алматы және Батыс Қазақстан облыстарының командалары екінші және үшінші орындарға ие болды. Ал қыздар арасында Алматы және Жамбыл облыстары үздік үштіктен көрінді.

Бұдан бұрын Қызылордада индорхоккейден ел біріншілігі басталғанын хабарлаған едік.
Соңғы жаңалықтар