Қызылордада хайуанаттар бағы ашылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап Қызылорда қалалық паркі жанынан хайуанаттар бағы жұмыс жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір мұнда құстар мен жан-жануардың бірнеше түрі бар. Хайуанаттар бағында өзге құрлықтан жеткізілген аң-құс жоқ. Негізінен жергілікті табиғатқа бейімделгендер. Мұнда келушілер алдымен алып бүркітті қызыға тамашалайды. Кішкентай балалар құстың осы түріне зор қызығушылық білдіріп жатады.

«Бүркіт айналасына сақтықпен қарайды. Дегенмен қимыл-қозғалысы өте шапшаң. Балалардың тор арасына лақтырған жемтігіне мұқият қарайды. Сондай өте сақ», - дейді хайуанаттар бағының қызметкері Азамат Мырзабеков.

Сондай-ақ, бұл жерден аппақ үй қояндарын да таба аласыз. Тауықтың балапандары да балаларға өте қызық. Әйнек қоршауда тұрған сары жыланға да келушілер таңдана қарайды. Төр жақтағы қоршауда екі тауыс орналасқан.
null

Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, бұл жерге келушілер қатары күн санап артып келеді. Ата-аналар балаларымен мұнда жиі келеді. Қазір бұл жерде аталған хайуанаттардан бөлек тотықұс, тасбақа, лақ, терісі бағалы тышқан тұқымдас - шиншалла бар. Олардың күтімі де оңай емес. Әрбірінің өз бабын жасау қажет. Хайуанаттарды арпа, бидай, күнжара, жүгері сынды қарапайым тағамдармен азықтандырады.

«Алдағы уақытта хайуанаттар қатарын көбейтуге көңіл бөлсек деп отырмыз. Әрине, олардың барлығы алдағы күндерде жүзеге асатын болады. Басты мақсатымыз - хайуанаттар бағы жұмысын өз деңгейінде атқарып, атқарылатын жұмыстарды жүйелеу. Бұл бағытта тәжірибені молайта түсу ойда бар. Сол мақсатта өзге қалалардағы тиісті мамандармен әріптестік байланыс орнатуға мән береміз», - дейді А.Мырзабеков.

Айта кетерлігі, хайуанаттар бағын жергілікті кәсіпкерлердің бірі өз қаржысына ашқан. Мұндай іс Сыр өңірінде тұңғыш мәрте қолға алынып отыр.

«Әрине, бұл ірі хайуанаттар бақтарымен салыстыруға келмейтін шығар. Алайда, жас ұрпақты табиғатпен етене тәрбиелеуге бұл орынның өз пайдасы тиеді деген ойдамын», - дейді қалалық мәдени-демалыс паркінің директоры Әнуар Нақып.

Әділжан Үмбет  


null
nullnull

Соңғы жаңалықтар