Қызылордада халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігі артып келеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бағытта көптеген жобалар қолға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы 5 қазандаы Қазақстан халқына Жолдауында «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет» деп атап көрсеткен болатын.

Бүгінде Қызылорда облысында спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары артып келеді. Өңірде 231 мыңнан астам адам салауатты өмір салтын ұстанады. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда көрсеткіштерден жоғары.

Сыр өңірінде балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, спорт клубтарында дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер саны да өскен. Көрсеткіш 23 мыңнан астам адамға жеткен.

Сыр спортшылары көптеген жарыстарда толағай табыстарға кенеліп келеді. 2019 жылдың 6 айында спортшылар ҚР чемпионаттарында 907 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 272-і алтын, 248-і күміс, 387-і қола. Қызылордалық жастар әлем және Азия чемпионаттарында 48 медаль алып қайтты.

«Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. Бұл бағытта балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру ісіне мән беріліп келеді. Осы мақсатта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында биыл 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Былтырғы жылы сондай 9 жоба іске қосылды», - деді Қызылорда облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімов.

Басқарма басшысы облыс спортшыларын 2020 жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алуына мүмкіндік туғызуға баса назар аударылып отыр. Сондай-ақ, әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттарына спортшылардың дайындығы мен қатысуын қамтамасыз ету бағытында да нәтижелі жұмыстар жүргізіледі.

Алдағы уақытта Қызылорда қаласындағы «Локомотив» стадионына күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Оған қоса «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық теннис кортының құрылысы аяқталады.

Соңғы жаңалықтар