Қызылордада граффити жазбасы арқылы есірткі жарнамалаған бойжеткен ұсталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында көп қабатты үйлердің қабырғасына граффити жазбасы арқылы есірткі заттарын жарнамалаған 20 жастағы азаматша қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті тұрғындар Қызылорда қаласындағы шағын аудандардың біріндегі көпқабатты үйлердің қабырғасында есірткі заттарын жарнамалайтын граффити жазбасы бар екенін байқаған. Жазбада есірткі заттарына қатысты электронды мекен-жай көрсетілген.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Онда есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау жағдайы көрсетілген.

«Тексеру жұмыстарын жүргізу барысында ондай жазулар қала көлеміндегі өзге де шағын аудандардағы көпқабатты үйлердің де қабырғасына бейнелегендігі анықталды. Полиция қызметкерлері күшімен барлығы 110 дана граффити жазбасы жойылды. Жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыс орталығында тұратын 20 жастағы азаматшаның аталған қылмысқа қатысты екені белгілі болды. Аталған азаматша өз жауабында әлеуметтік желілер арқылы тапқан курьерлік жұмысы үшін 70 мың теңге сыйақы алғанын мойындады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада халықаралық іздеуде жүрген аса қауіпті қылмыскер ұсталды.



Соңғы жаңалықтар