Қызылордада гидроқондырғылар жұмысында цифрлық технологиялар пайдаланылады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында орын тепкен Шіркейлі каналы бойындағы гидроқондырғылар толықтай автоматтандырылады. Бұл іс каналды қайта жаңғырту шаралары негізінде жүзеге асатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамандар бұл жұмыс аймақта көктем айларында болатын су тасқыны қаупін сейілтуге мүмкінік беретінін айтады. Оған қоса жаз мезгілінде диқандар судан ешбір тапшылық көрмейді. Шіркейлі каналы бастауын дариядан алады. Ол Қызылорда қаласы мен Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарын бойлай өтеді. Аталмыш каналдың жалпы ұзындығы 132 шақырымды құрайды. Жергілікті диқандар аталмыш гидроқондырғының бойында 52 мың гектар күріш егіп келеді. Бұл аймақта егілетін күріштің жартысынан астамын құрайды. Дегенмен оған 30-40 жылдан бері ешқандай жөндеу жасалмаған. Соның салдарынан кейбір тоспалар жарамсыз күйге түсті. Олардың кейбірі тесіліп, су ұстап тұру жағдайы қиындады.

Шіркейлі су арнасын жаңғырту екі кезең бойынша жүзеге асты. Бұл мақсатта республика қазынасынан 4 млрд теңге қаржы бөлінген. Осының нәтижесінде бұрын түйткілді болып келген көптеген түйін шешілді. Алдымен 62 шақырым канал бойы тазаланды. Сонымен қатар, 4 тоспа жөндеуден өткізілді. Олардың 200 текше метр су өткізуге қауқары жетеді. Оған қоса 32 шақырымға созылып жатқан электр желісі мен қосалқы станция қайта жаңғыртудан өткізілген.

«Автоматтандырылған жүйе арқылы бір су тоспасынан екінші ауданның көлеміне қанша су кетіп жатқаны анықталып отырады. Оны мамандар экран арқылы бақылай алады. Осындай жұмыстар жүргізілгеннен кейін көптеген оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Атап айтқанда, су шығыны едәуір азаяды. Оны жан-жақтын бақылап отыруға әбден болады», - деді «Қазсушар» РМК өндірістік учаске басшысы Жорабек Нұрымбетов.
Бүгінгі таңда екінші кезеңі басталы. Ендігі кезекте 5 ірі су тоспасы мен 42 шақырым канал тазаланып, ел игілігіне берілетін болады. Мамандар бұл кезеңде 40 шақырымға жуық жарық желісі тартылып, барлық гидроқондырғылар автоматты түрге ауысатынын айтады. Аталмыш жоба барысында цифрлы технологияны пайдалану жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Қызылорда облысында заманауи су үнемдеу технологияларын қолдану мәселесіне назар аударыла бастады.



Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар