Қызылордада этнос өкілдері тіл сайысына қатысты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл - ұлт тірегі» тақырыбымен қалалық байқау өтті. Бұл туралы облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы «Ақпарат толқыны» бөлімінің маманы Жанар Ергенбайқызы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тіл - халықтың мәңгілік болып қалуының айғағы. Тіл - ата-бабаның ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі ретінде ұлттық бірегейлікті сақтау деп айшықтап көрсетті. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деген болатын Н.Ә.Назарбаев. Демек, «ел боламын десең - бесігіңді түзе» дейтін қазақ, тіл, дін, салт-дәстүр, әдебиет пен музыка, тағысын-тағы баланың бойына бесіктен бастап сіңіруі тиіс. Бала кезден сапалы тәрбие алған бала, саналы ұрпақ болып өсері анық», - дейді ол.

Ж.Ергебайқызының айтуынша, тілді дамыту аясында өңірде атқарылып жатқан шаралар аз емес. Соның бірі «Мемлекеттік тіл - ұлт тірегі» тақырыбымен өзге ұлт өкілдері арасында өтті. Қалалық байқауға мектеп оқушыларынан құралған командалар қатысты. Мақсаты - мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, этносаралық қарым-қатынасты жаһандандыру, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру.

Байқауға №5 мектеп-лицейінің, №9 мектеп-гимназиясының, №23, 112, 173, 176, 198 және №233 орта мектептерінің командалары қатысты. Олар «Таныстыру», «Ой жарыс», «Салт-дәстүр - ұлт қазынасы», «Өнерлінің өрісі кең» атты төрт кезең бойынша бақ сынады.

Шараға Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Абасилов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы А.Алиева және М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры Л.Насимханова төрелік етті.

Әр мектептен жиылған түрлі ұлт өкілдері қазақша ән айтып, ұлы ақындардың шығармаларынан үзінді оқыды, қазақтың салт-дәстүрлерін сахналап, мақал-мәтел айтудан сайысты. Нәтижесінде бас жүлдені №112 орта мектептен келген «Бірлік» командасы қанжығасына байласа, I орынға №198 мектептің «Достық» командасы ие болды. Ал №233, №9 мектептер II орынды, №5, №23 және №173 мектептен келген топтар III орынды өзара бөлісті.

Қазылар алқасының төрағасы А.Абасилов: «Тілге құрмет көрсетудің түрлі жолы бар. Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында «...өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке то­лы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демо­графиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құр­дымға кете жаздады» деп ұлттық кодымызға жасалған қиянаттарды атап көрсетеді. Ал, осындай шаралар тілдің, салт-дәстүр мен мәдениетіміздің қайта жаңғыруына, эволюциялық дамуға әкелетіні сөзсіз. Және өзге ұлт өкілдерінің арасында өткізілуінде де үлкен мән бар екенін ескеруіміз керек» - деді.

Осылайша «Жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір» жас жеткіншектер қазақ ұлтына, оның тіліне құрметтерін көрсетті.

Соңғы жаңалықтар