Қызылордада ер адам Конго-Қырым қанды безгегіне шалдықты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Конго-Қырым қанды безгегіне шалдығу диагнозымен 58 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Науқас емдеу орнына ауыр халде жеткізілген.  

«Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде Конго-Қырым қанды безгеніне шалдығу жағдайы тіркелді. Науқастың диагнозы зертханалық жолмен нақтыланды. Қазіргі таңда ол Жаңақорған аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде ем қабылдауда», - деп мәлім етті облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен.

Атап өтілгендей, науқас мал шаруашылығымен айналысады. Осыған орай, эпидемиолог мамандар қора-қопсыдағы төрт түлікті тексерген. Нәтижесінде сиырдан бірнеше кене табылған. Лабораториялық зерттеуден кейін ол улы жәндік екені анықталды.

«Ауру ошағында індетке қарсы және алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешені толығымен орындалуда. Науқаспен қарым-қатынаста болған 19 адам тіркеліп, олардың арасында Конго-Қырым қанды безгегіне шалдығу күдігі анықталған жоқ. Кене шағу жағдайы орын алғанда міндетті түрде тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша медициналық көмекке жүгінуіңіз қажет. Көмекке ерте жүгіну арқылы аурудың асқынуын болдырмауға болады», - делінген департамент хабарламасында.

Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты.

Конго-Қырым қанды безгегіне шалдығу дерегі Жаңақорған ауданында биыл екінші рет тіркелді. Биылғы тамыз айында осы ауданда 38 жастағы әйел аталмыш диагноздан қайтыс болған еді.

Сондай-ақ Сыр өңірінде кене шағу қаупі жоғары елді мекендер саны өткен жылға қарағанда 10 ауылға көбейген.

Соңғы жаңалықтар