Қызылордада ең үздік мектепке 17 млн теңге табыс етілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде облыстың үздік білім ошағы деп танылған «Мұрагер» мектебіне 17 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тамыз кеңесінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев заманауи білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелерді атап өтті. Сондай-ақ, облыс басшысы білім алушылардың мамандықтары мен еңбек нарығы сұранысының сәйкес келуі маңызды екендігін айтты.

«Біздің әрдайым назарда ұстайтын ерекше маңызды көрсеткішіміз  - түлектердің жұмыспен қамтылуы. Мойындау қажет, бізде бұл мәселеде келеңсіздіктер аз емес. Түлектерді бір мамандық бойынша даярлаймыз, ал олар мүлде басқа саладан орын табады. Олардың қабілеті мен нарықтағы жағдайды ескере отырып, түлектерді дұрыс бағыттау - біздің міндетіміз», - деді аймақ басшысы.

Бүгінде Сыр өңірінің білім саласында айшықты істер көп. Атап айтқанда, өрендер мектепке дейінгі мекемелермен толық қамтылып отыр. Облыста үш ауысымда бірде-бір мектеп жоқ. Соңғы 5 жылда апаттық мектептер орнына 45 мектеп салынып, бұл мәселе де толықтай шешімін тапты.

2014 жылдан бастап Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларындағы алдыңғы қатарлы оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей Федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Биыл алғашқы 65 түлекті жұмыспен қамту мәселесі шешімін тапты. Сонымен бірге, сырбойылық жастарға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант бөлінеді. Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын үздік тапсырған Қызылорда облысы мектептерінің түлектеріне жыл сайын Санкт-Петербургта оқуға 10 білім грантын бөлетін болды. Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жыл сайын тағы 20 түлектің білім алуына Татарстан Президентімен келісім жасалған.

Сонымен қатар, ҰБТ тапсырып мемлекеттік грантты алуға бірнеше балл жетпей қалған ауыл мектептерінің түлектеріне аймаққа қажетті мамандықтар үшін облыс әкімінің гранты бөлінеді.

«2013 жылдан бастап, жыл сайын 100 дарынды әрі талапты ауыл балалары, оның ішінде, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан жастарды еліміздің белді жоғарғы оқу орнына облыс әкімінің грантымен оқуға жолдаудамыз. Биыл оқу грантының санын 100-ден 205-ке дейін, яғни 2 есе ұлғайттық. Осылайша, бүгінгі таңда грант иегерлерінің саны 900 адамға жетті. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша облыс түлектерінің орташа көрсеткіші 85,2 балды құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 2,42 балға жоғары. Былтыр қорытындыс бойынша түлектердің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түскенін мақтанышпен атап өтуге болады. Биылғы нәтиже де жақсы болады деп үміттенеміз»,- деді аймақ басшысы.

Бірқатар оқытушылар «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Мұрагер» мектебіне «Үздік орта білім ұйымы» номинациясы бойынша 17 миллион теңге табысталды.

«2018-2019 оқу жылында облыстың жалпы білім беретін 294 мектебінде 154 559 оқушыны оқыту жоспарланып отыр. 18 942 бала бірінші сыныпқа барады. Жаңа оқу жылында Қазалы және Жаңақорған аудандарында 300 орынға арналған жаңа мектептер пайдалануға берілді. 2017-2018 оқу жылында облыста Қармақшы және Жаңақорған аудандарында 3 мектеп жұмысын бастаған болатын. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін Аралда 300 орынға және Қызылордада 600 орынға арналған мектептер салынады», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.

Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова, Білім және ғылым министрлігі жанындағы ақпараттық талдау орталығы президентінің міндетін атқарушы Елдос Нұрланов, жергілікті білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен облыс мұғалімдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар