Қызылордада Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған турнир өтеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда қаласында мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған республикалық бірінші турнир өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, Элизабет Тұрсынбаева жақында Жапонияның Сайтама қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.

Бұл - елімізде аталмыш спорт түрінен қыздар арасында қол жеткен ең жоғары табыс. Сондай-ақ, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы әлемдік тарихта бірінші рет төрт айналымдық сальховты қатесіз орындады.

Жапон жерінен жүлдемен қайтқан саңлақ өзінің атамекені - Сыр өңіріне арнайы келді. Ол бүгін өзінің жүлдесіне арналған республикалық турнирге қатысады.

Айта кетелік, Элизабет Ресей астанасы - Мәскеу қаласында дүниеге келген. Оның әкесі - Байтақ Қызылорда облысының тумасы. Сондықтан Элизабет халықаралық жарыстарда еліміздің атынан сынға түсіп, Сыр өңірінің даңқын аспандатып келеді. Мұз айдында мың бұрала билейтін спортшыға жергілікті басшылық қаржылай қолдау жасап жүргені белгілі.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңіріне арнайы келген халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаевамен кездесті. Оны әлем чемпионатындағы толағай табысымен құттықтады.

«Біз біраз жыл бұрын мұз айдыны спорт кешенін салдық. Қазір ол орын Сыр жастарының ерекше ықыласпен баратын мекеніне айналды. Мен осы орталықта болашақта еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғайтын дарынды спортшылар өседі деп сенемін. Аймағымызда егемен еліміздің атағын әлемге әйгілі ететін мәнерлеп сырғанаушы-чемпиондардың тұтас шоғыры болсын! Элизабет, сенің есімің бүкіл әлемге танымал болуына тілектеспін», - деді аймақ басшысы.

Өңірдің спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Элизабет Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталып, оған 2 млн теңгенің сертификаты табысталды. Өз кезегінде Элизабеттің ата-анасы облыс әкіміне және Сыр жұртшылығына қыздарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

«Мен үшін ата-анам мен жаттықтырушыларымның көмегі ерекше рөл атқарды. Әрине, маған көрсеткен Сіздің қолдауыңыз бен жерлестерімнің сенімі өте маңызды. Сіздерге зор алғыс айтамын, бұл - біздің ортақ жеңісіміз»,-деді Элизабет Тұрсынбаева.

Айта кетерлігі, бүгін Қызылордада «Мұз айдыны» кешенінде Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесі үшін алғашқы «Көктем жұлдыздары» республикалық ашық жасөспірімдер турнирі басталады. Турнирдің ашылу салтанатында Элизабет те өнер көрсетеді. Алдағы уақытта «Көктем жұлдыздары» турнирі жыл сайын өткізіледі деп жоспарланып отыр.
null

Соңғы жаңалықтар