Қызылордада екі күнде 3 адам суға кетті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында соңғы екі күнде 3 адам суға кетті. Тілсіз жаудың құрбанына айналған адамдардың екеуі - бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов мәлім етті.

«30 мамырда облыс орталығының «Мерей» шағын ауданындағы Сырдария өзені аумағында бір адамның батып кеткені жөнінде хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына судан құтқарушылар келіп жеткеннен кейін мәселенің мән-жайы анықталды. Қызылордада колледжде оқитын 4 жас азамат дарияның суға түсуге рұқсат етілмеген аумағында суға түседі. Суға түсу барысында олардың бірінің аяқ-қолы тартылып қалады. Нәтижесінде ол ескі жағажайдан 300 метрдей қашықтықта судың құрбанына айналды», - деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов.

Осыған ұқсас тағы бір жағдай Қызылорда қаласының Титов поселкесі Рисмаш аумағында орын алды. Сол маңда скі целлюлоза мен картон зауытының алаңы 4 және 8 жас аралағындағы төрт бала ойнап жүреді. Аталмыш аумақ пен олардың үйлерінің қашықтығы 3 шақырымға жуық.

«Бұл аумақта бұрын балық өсіретін орын болған. Балалардың барлығы - Титов поселкесінен. Дегенмен олардың барлығы ата-анасының қадағалауынсыз қалған. Ойнап жүрген балалар арасынан 4 жастағы жеткіншек бетон ішіндегі суға құлап кетеді. Оны 8 жастағы ағасы құтқаруға қол ұшын созады. Алайда ол да суға құлап кетеді. Соның салдарынан екі бала да көз жұмды», - деді Омар Бержанов.

Қызылорда облысында жыл басынан бері бұған дейін 5 адам суға кеткен. Оның екеуі - бала. Былтыр дәл осындай жағдайдан 22 адам көз жұмған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержановтың айтуынша, қауіпсіздік ережелері сақтала бермейді. Ересектер балаларды бақылаусыз қалдырады. Сондай-ақ, облыста талапқа сай келетін жағажайлар санаулы. Оның бірі Шиелі ауданы аумағында тіркелсе, қалған екеуі Қызылорда қаласында орналасқан.

Соңғы жаңалықтар