Қызылордада дизель отынын заңсыз сатқан кәсіпкерге сот үкімі шықты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында құжаты жоқ дизель отынын өткізу кезінде ұсталған жеке кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған заңбұзушылық облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында анықталды.

Кәсіпкер 2020 жылдың қазаны мен 2021 жылдың наурызы аралығында аса ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру арқылы табыс табу әрекетін жүзеге асырған. Дизель отынын бірнеше келісімшарт негізінде сатып алып, өз қоймасында сақтау арқылы мемлекеттік 21 мекемеге жоғары бағамен жеткізіп отырған. Сот-экономикалық сараптама қорытындысы бойынша құжатсыз тасымалдап-өткізілген дизель отыны үшін анықталған шығын көлемі 30 млн. 68 мың теңгені құрады.

«Қылмыстық іс Сырдария аудандық сотының қашықтан өткен ашық сот отырысында қаралды. Жеке кәсіпкерге ҚР (Қылмыстық кодексінің 197 бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен және 218 бабы 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалды. Жаза мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.

Еске салсақ, Қызылордада қаржы пирамидасын құрғандар 5 жылға сотталды.


Соңғы жаңалықтар