Қызылордада диқандар шілдеде судан тапшылық көруі мүмкін

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының күріш егісінде диқандар шілде айында су тапшылығынан қиындық көруі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасында 4,5 млрд текше метр су жиналған. Одан төменгі бөліктегі «Көксарай» су реттегішінде 560 млн текше метр су бар.

«Негізінде «Шардара» су қоймасына 350-400 текше метр су түсіп тұруы қажет. Бұл жағдайда төменгі бөлікте су тапшылығы бола қоймайды. Дегенмен соңғы күндерде «Шардараға» келетін су біршама төмендеп кетті. Ол төменгі бөлікке жіберілетін су деңгейіне әсер етті. Бүгінде «Шардарадан» төменге 250, «Көксарайдан» 350 текше метр босатылуда. Бұл су мөлшері әзірге бізге жеткілікті. Десе де жоғары бөліктен «Шардараға» келетін су мөлшері артпаса, қызылордалық диқандар шілде айында одан біршама қиындық көруін жоққа шығара алмаймыз. Аталған мәселеге байланысты қазір облыс басшылығы тарапынан тиісті жұмыстар жасалуда. Ел Үкіметі Сырдария өзені басып өтетін көршілес мемлекеттермен су деңгейін арттыру жөнінде келіссөз жүргізеді деп күтілуде», - деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 1 маусымдағы мәліметі бойынша 85 мың гектардан астам күріш егілді. Ол толықтай суға бастырылған.


Соңғы жаңалықтар