Қызылордада биыл инвестиция тарту көлемі 52,2 пайызға өсті

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысымен инвестиция тарту көлемі 52,2 пайызға өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыпты. Негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты.

Өңдеу өнеркәсібі 4,6 пайызға артса, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,7 пайызға өсті.

Ал инвестициялар тарту 52,2, құрылыс жұмыстарының көлемі 38,7, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,9, сауда көлемі 2,1 пайызға артты.

Жергілікті бюджет нақтылау қорытындысы негізінде ол 592 млрд теңгеге жетті.

Бұл - Мемлекет басшысы мен Үкімет көрсеткен қолдаудың, облыс басшылығының жүйелі жұмысының нәтижесі.


Облыстық бюджеттің өз кірісін 4,5 млрд теңгеге ұлғайту, сондай-ақ бірқатар бюджеттік бағдарлама әкімшілері үнемдеген және оңтайландырылған қаржыны 15,7 млрд теңгеге қысқарту, 5,3 млрд теңге жергілікті атқарушы органның мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымын ұлғайту жоспарланып отыр.

Облыстық бюджетті 25,5 млрд теңгеге нақтылау ұсынылды. Бұл қаржы өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталмақ.

Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандырудың ағымдағы шығындарына және әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалады.

Жылу-энергетикалық жүйені жаңғырту, «Қызылорда жылу электр орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жылу энергетикалық қондырғыларын дамыту жобалары қаржыландырылады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл облыста облигациялық қарыздар есебінен 12 әлеуметтік тұрғын үй құрылысын салу үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруға, Қызылорда қаласының сол жағалауындағы тұрғын үй құрылысына және инженерлік инфрақұрылым желілерін тартуға қосымша қаржы бағыттамақ.

Одан бөлек, республикалық бюджетті нақтылау кезінде облысқа 39,9 млрд теңге қаржы бөлінді.

Нысаналы трансферттер мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысын ұлғайтуға, «Ауылда денсаулық сақтау» ұлттық жобасы шеңберінде медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға арналған.

Сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының құрылысына, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға, көлік инфрақұрылымын, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерді, су және жылу желілерін дамытуға жұмсалады.

Сондай-ақ, аймақтың агроөнеркәсіп саласы тұрақты дамып келеді.

Оған мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар өз септігін тигізді.

Былтыр аталған саладағы жалпы өнім 178,1 млрд теңгені құрады. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға артық.

Тамақ өнімдерін өндіру де өсім бар. Негізгі капиталға салынған инвестиция 9,9 млрд теңгеге жетті.


Соңғы жаңалықтар