Қызылордада бірнеше қылмысқа қатысы бар жігіт 16 жылға сотталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 32 жастағы жігітке қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2016 жылдың көктем мезгілінде ол сыбайластарымен бірге Шиелі ауданы Майлытоғай ауылы аумағында құрамында есірткі заттары бар сора өсімдігін егуге жәрдемдескен. Оған ағын су баратын қолайлы жерді таңдауға көмектесті. Ол қылмыстық әрекетін тағы да жалғастырып, сыбайластарымен бірге «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» тас жолының бойында тұрған көлік ішінен азық-түлік, көлік жөндейтін құралдар мен киімдерді қолды еткен.

«Осылайша жалпы алғанда 53 мың теңге тұратын заттарды жымқырып кеткен. Сол сәттерде келіп қалған көлік иелерінің біріне жеңіл дене жарақатын салса, екіншісі оқиға орнында көз жұмды. Қылмыстық топ жәбірленушілерді автокөлікке салып, қалың шөптің арасына алып барады. Оларды келесі күннің түс мезгіліне дейін ұстайды», деді Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Д.Алиев.

32 жастағы жігіт Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпты деп танылды. Оның қылмыстық әрекеттері толық дәлелденіп, 16 жыл бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады.

Әділжан Үмбет 

Соңғы жаңалықтар