Қызылордада бірлескен компаниялар жұмысшылардың құқығын бұзып келген

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы бірлескен кәсіпорындарда отандық және шетелдік жұмысшылардың құқығы бұзылып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыр өңірінде бірлескен 23 кәсіпорын бар. Оларда 6281 қазақстандық, 925 шетелдік азамат еңбек етеді.  

Қызылорда облысының Еңбек саласындағы бақылау басқармасы шетелдік жұмыс күші  артылған кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталуын тексеріп шыққан. Мамандар арнайы шарттарды орындау, кәсіпорында бір деңгейдегі қызметті атқаратын шетелдік және жергілікті мамандардың жалақысындағы айырмашылық, жұмысшыларға жағдай жасау және өзге де мәселелерді назарға алды.

Нәтижесінде, тексерілген 7 кәсіпорыннан 30 заңбұзушылық анықталды. Оларға кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама берілді. Салынған айыппұлдар бүгінде толығымен өндірілді.

«Аталмыш тексеру шаралары облыстық прокуратурамен бірге жүргізілді. Бірлескен жоспардан тыс тексеру «ПетроҚазақстан ҚұмкөлРесорсиз» АҚ, «СНПС-Ай Дан Мұнай» АҚ, «Гежуба-Шиелі цемент компаниясы» ЖШС, «Чайна Триумф Интернэшнл Инжиниринг» ЖШС, «ИБК «Сибу-Қызылорда» ЖШС-терін қамтыды. Олардың арасында  «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-да 7 заңбұзушылық дерегі белгілі болды. Серіктестікте Еңбек кодексінің бірқатар талаптары сақталмаған. Жұмыс берушінің актілерінде, еңбек шартында көзделген жалақы уақытылы және толық мөлшерде төленбеген. Сондай-ақ келісімшарт тоқтатылған кезде еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы есептелмеген. Оған қоса, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының кестесі бекітілмегені анықталды», - деді облыстық Еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев.

Үстіміздегі жылдың тоғыз айында осындай кәсіпорындарда 2 жазатайым оқиға болған. Соның салдарынан 3 адам ауыр жарақат алған. Олар бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп, қорытындысы ішкі істер органдарына жолданды. 

Соңғы жаңалықтар