Қызылордада бірінші сыныпқа баратын балалар саны көбейді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл мектеп табалдырығын аттайтын өрендер былтырғы жылдан 2200 оқушыға артып отыр. 2019 жылы 21 600 оқушы бірінші сыныпқа барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігі айтылған.

«Алдағы 2019-2020 оқу жылында бірінші сыныпқа 21 600 оқушы барады деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2200 оқушыға артық. Биыл Сыр өңіріндегі барлық 293 мектепте 164 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл 1 маусымынан бастап 1-сыныпқа қабылдау процесі автоматтандырылған жүйеге қосылды. Қазіргі таңда олардың мөлтек аудандар бойынша мектептерге орналастыру картасы дайын»,-деді Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.

Соңғы жылдарда Қызылорда облысында апаттық жағдайдағы мектептер саны азайды. Қазіргі таңда Жаңақорған ауданындағы №169 және Жалағаш ауданында №34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа ғимараттар алдағы жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында 600 орындық мектеп салынуда, оны қазан айында тапсыру міндеттелген.

«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 3 мектепке республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, бүгінгі күні облыста балабақшалар да жөнделуде.

Биыл Арал, Қазалы аудандарынан 85 орындық 2 жеке балабақша, Қызылорда қаласынан 140 орынға арналған 1 мемлекеттік балабақша ашылды.

Қызылорда қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 320 орынға арналған 1 жеке балабақша қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі.

Соңғы жаңалықтар