Қызылордада бір отбасынан 6 адам көмірқышқыл газына уланып қалды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Қожакент ауылында тұратын бір отбасының алты мүшесі көмірқышқыл газына уланып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқыс оқиға салдарынан олар аудандық ауруханаға түсті. Қажетті ем алғаннан кейін олардың денсаулығы қалпына келді.

Оқиға барысы былайша өрбіген. Тұрғын үй пешінің мұржасы тартпай қалған. Соның салдарынан түтін үйдің ішіне жайылған. Үй иесі терезелерді ашып желдетіп, бөлме ішін түтіннен тазартады. Дегенмен көмірқышқыл газының иісі қалып қояды. Оны таң атқаннан кейін тазартуға шешім қабылдайды. Ол отбасы мүшелерінің көмірқышқыл газынан уланып қалуына себеп болған.

«Мұндай жағдай жиі кездесіп жатады. Сондықтан тұрғындарға өмірлеріне немқұрайлықпен қарамауын сұраймыз», - деді Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Айгүл Нұрманова.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылордада иіс тиіп уланған үш бала көз жұмғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар