Қызылордада бастауыш мектеп пайдалануға берілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 700 балаға арналған «Orda School» мектебі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы уақытта Сыр өңірінде білім саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде иілікті істер атқарылып келеді. Қазіргі таңда облыс орталығында 4 жеке мектеп жұмыс істейді. Онда жан басына қаржыландыру бойынша мемлекеттік тапсырыстар берілген. «Orda School» бастауыш мектебі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бір мезгілде 700 оқушыны қабылдай алатын жаңа ғимарат Қызылорда қаласының жаңа бөлігінде орналасқан.

Сондай-ақ, Қызылордада жыл сайын жекеменшік балабақшалар желісі артып келеді. Қазір балабақшаның 72 пайызы жеке сектордың үлесінде. Нәтижесінде, 3-6 жастағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толықтай қамтылған. Облыста үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі де толық шешілген. Аймақ мектептерінің 60 пайызы жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен қамтамасыз етіліп, компьютерлер толықтай жаңартылған.

«Orda School» бастауыш мектебінің ашылуына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева мен вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хаттарын табыстады.

«Тәуелсіздігімізді алған уақыттан бері Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығымен білім саласына, жас ұрпаққа сапалы білім беруге ұдайы көңіл бөлініп келеді. «Келешектің кілті – білімді ұрпақтың қолында» деген қағидат берік қалыптасты. Биылғы жылы тамыз айында елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық тамыз конференциясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, оларды кезең-кезеңімен шешуді тапсырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алғашқы Жолдауында педагогтардың мәртебесін көтеру, білім сапасын арттыру, еңбек нарығына сапалы мамандар даярлау, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту мәселелерімен бірге, бала тәрбиесіне қатысты нақты басымдықтарды айқындап берді»,- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Соңғы жаңалықтар