Қызылордада азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлерге несие берілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында айналым схемасы енгізіліп, кәсіпкерлерге несие қаражаты берілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы 2 жылда осы схема бойынша 15 кәсіпкерлік субъектісіне 1083 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, пандемия шектеулеріне қарамастан өңірде кәсіп ашуға ынталы азаматтардың қатары артып, Сыр елі облыстар арасында үштік үштікке кірген. Бұл туралы аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова баспасөз мәслихатында айтып берді.

«Шағын орта бизнесті дамыту мақсатында Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму Картасын жасадық. Бүгінгі күні жалпы құны 9,5 млрд теңгеге 163 жоба іске асты, оның ішінде биылғы жылы 74 жоба, 426 жұмыс орны құрылды. Осы бағдарлама арқылы кәсіпкерлер қой, сиыр және жылқы етінен жасалған консервілер, күріш, қарақұмық ботқасы, жантақ балы, қауыннан жасалған чипсы және тағы басқалары өндіруде.Ішкі нарықты өз өнімдерімен толықтыру мақсатында 2 пайызбен несиелеу бағдарламасын қолға алдық. Ол мақсатқа облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлінді», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, өңірде несие алу бағытында да оң көрсеткіштер бар. Биылғы жылы «Бизнестің жол картасы 2025», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жалпы құны 30 млрд теңгеге 2605 жоба қаржыландырылған. Бизнеске жастардың белсенділігі артып, көп балалы аналар да қамтылған.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада тұрғындардың 86 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар