Қызылордада әйел полицейге қол көтерген жігіт сотталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық соты полиция қызметіндегі азаматшаға қол көтерген жігітке үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл оқиға үстіміздегі жылдың 4 сәуірінде болған.

Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының алдында 24 жастағы жергілікті азамат дөрекі мінез көрсетті. Сол сәтте аудандық ішкі істер бөлімінің полиция инспекторы М.Қожамұратова оны тәртіпке шақырады. Полиция инспекторына бағынбаған жігіт оған тоқтай қоймайды. Қайта полиция қызметкеріне қол көтереді. Тіпті, сақшы қызметіндегі азаматшаның арқасынан теуіп, қызметтік киімінің жағасынан жұлқылайды. Көйлегінің түймелерін үзеді. Соның салдарынан инспектор жеңіл жарақат алды.

Оқиға кезінде тәртіп бұзушы масаң күйде болған. Бұзақылық жасаған азаматты сабасына түсіруге полиция қызметкерлері Н. Жолдас және Ғ. Амандулла көмекке келеді.

Аудандық соттың судьясы А. Мизанбаев құқық бұзушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп тауып, оны 2 жылға бас бостандығынан айырды. Оған қоса ол жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына 240 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылады.

 

Соңғы жаңалықтар